Almaty SuperSki: қазақстандық өндірушілермен серіктестікте энергия тиімді арқанжолдар құру

Кездесу және негізгі мәселелер. Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев француздық POMA компаниясының өкілі Эдуард Довийермен кездесті. Тараптар Almaty SuperSki курортының арқанжолдарына арналған техникалық шешімдерді, энергия тиімді технологияларды, қазақстандық өндірушілерді тартуды және отандық мамандарды даярлауды талқылады.

Энергия тұтынуды азайту - EcoDrive. Сондай-ақ арқанжолдардың қозғалыс жылдамдығын жүктемеге қарай автоматты түрде реттейтін Eco Drive жүйесі талқыланды. POMA-ның экологиялық меморандумына сәйкес, бұл технология электр энергиясын тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрлық басқару және туристік жүктеме - SKADII. Арқанжолдардың энергия тұтынуын нақты уақыт режимінде бақылауға, энергия үнемдейтін шешімдердің жұмысын талдауға және экологиялық есептілікке арналған деректерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін SKADII цифрлық платформасының мүмкіндіктері қарастырылды. Almaty SuperSki жобасында бұл платформаны курорттың жекелеген учаскелеріндегі туристік (антропогендік) жүктемені есептеу, келушілердің шоғырлануын бағалау және туристік ағындарды бөлу үшін де пайдалану жоспарланып отыр.
Қазақстандық қамту және өндірісті жергіліктендіру. Жобаны іске асыру мәселелерін талқылау барысында Kazakh Tourism Development қойған талаптардың бірі қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету, яғни арқанжолдардың кейбір конструкциялық элементтерін Қазақстанда өндіру болды. POMA Қазақстандағы төрт әлеуетті жеткізушіге аудит жүргізді: олардың үшеуі Алматы маңында, біреуі Қарағандыда орналасқан. Бағалау нәтижелері жергілікті өндірістік алаңның жекелеген конструкциялық элементтерді дайындау бойынша еуропалық стандарттарға сәйкес келетінін растады.
Кадрлар даярлау. Арқанжолдарды пайдалану және оларға қызмет көрсету бойынша қазақстандық мамандарды даярлау мәселесі жеке талқыланды. POMA Academy қолдауымен жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждер базасында білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, оның ішінде жабдықта практикалық оқыту және оқытушыларды даярлау мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Құрылысқа қойылатын экологиялық талаптар. Almaty SuperSki үшін дайындалған POMA экологиялық меморандумында табиғи ортаға әсер етуде «болдырмау - азайту - өтеу» тәсілі көзделген. Жобалау кезеңінде экологиялық тұрғыдан сезімтал табиғи аумақтарды айналып өту және тіректер санын оңтайландыру, құрылыс кезінде жерүсті логистикасын шектеу, топырақ пен су ресурстарын қорғау, ал жұмыстар аяқталғаннан кейін бұзылған аумақтарды қалпына келтіру ұсынылады.
Биоалуантүрлілікті сақтау. POMA-ның экологиялық материалдарында биоалуантүрлілікті сақтауға арналған шаралар да қарастырылған: экологиялық тұрғыдан сезімтал табиғи аймақтарды белгілеу және қорғау, техниканың өсімдіктерге әсерін шектеу, құстардың ұя салу кезеңдерін ескере отырып жұмыс кестесін ықтимал түзету, сондай-ақ құстардың арқанға соқтығысу қаупін азайту үшін арнайы маркерлер қолдану.
Анықтамалық ақпарат:
Kazakh Tourism Development Ltd. - «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке компания. Компания жыл бойғы туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған туризм саласындағы басым жобаларды іске асыру үшін құрылған. Негізгі мақсаты - халықаралық стандарттарға сай келетін және әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал ететін заманауи әрі орнықты туристік экожүйе қалыптастыру.
POMA - арқанды көлік жүйелерін жобалауға, өндіруге, орнатуға және қызмет көрсетуге маманданған француз компаниясы. Оның шешімдеріне креслолы және гондолалы көтергіштер, арқанжолдар, фуникулерлер және жерүсті көтергіш жүйелері кіреді. Компания 1936 жылдан бері жұмыс істейді және әлемнің 90 елінде 8 мыңнан астам жобаны іске асырған.
Жарияланған мақала
8 қараша 2026
