Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Almaty SuperSki жобасы мен Қазақстанның Альпинизм федерациясы ынтымақтастық туралы келісімге келді

Almaty SuperSki жобасы мен Қазақстанның Альпинизм федерациясы ынтымақтастық туралы келісімге келді

Almaty SuperSki тау курорты жобасын жүзеге асырып жатқан Kazakh Tourism Development компаниясы Қазақстан Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа компанияның басшысы Ержан Еркінбаев пен Федерация президенті Нұрсұлтан Шоқанов қол қойды. Тараптар бірнеше бағыт бойынша өзара әріптестікті дамытуға уағдаласты. Атап айтқанда, таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мамандарды оқыту және даярлау, ски-альпинизмді дамыту, тау кластері тұжырымдамасын сарапшылық сүйемелдеу және жобаны бірлесіп ілгерілету мәселелері қамтылды.

Меморандум аясында Kazakh Tourism Development курорт аумағында ски-альпинизм бойынша жаттығу базасын құру мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ спортшыларды даярлауға арналған мамандандырылған инфрақұрылымды дамыту және оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін жағдай жасау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жоба аясында таудағы қауіпсіздік элементтері мен туристік навигация жүйесін жетілдіру көзделген.

Өз кезегінде Федерация оқыту бағдарламалары мен әдістемелерін әзірлеуге қатысып, нұсқаушылар мен құтқарушыларды тартуға, сондай-ақ болашақ тау кластері аумағында республикалық және халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Аталған ынтымақтастық Almaty SuperSki жобасының кәсіби және сарапшылық қауымдастықпен серіктестік байланыстарын кеңейту жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы болды. Бұған дейін жоба қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаевпен, спортшы Сәкен Қағаровпен, суретші Санжар Жұбановпен және инклюзия саласында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен осындай меморандумдарға қол қойған болатын.

Жобаның ғылыми сүйемелдеуін Қазақстанның бейінді ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары қамтамасыз етеді. Олардың қатарында Зоология институты, Гляциология орталығы, Археология институты және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бар.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Almaty SuperSki бастапқы кезеңнен-ақ халықаралық қауіпсіздік талаптары мен мамандар даярлау стандарттарына сай келетін туристік қана емес, сонымен қатар спорттық жоба ретінде қарастырылып отыр.

Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстанда альпинизмді, спорттық құзға өрмелеуді және ски-альпинизмді дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті. Алайда бұл бағыттардың одан әрі дамуы заманауи инфрақұрылым мен жүйелі тәсілді талап етеді.

Almaty SuperSki жобасы дайындық және жобалау кезеңінің өзінде кәсіби қауымдастықты өз төңірегіне топтастыруды жалғастыруда. Бастамаға қатысушылардың пікірінше, мұндай тәсіл Қазақстандағы тау туризмі мен спортын дамытудың неғұрлым тұрақты әрі кешенді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жарияланған мақала

25 мамыр 2026

Көбірек мақалалар

Kazakh Tourism Development

Тұрақты туризмді дамыту және Қазақстанның табиғатының көркемдігін әлемге таныту.

Байланыс

Астана, Қазақстан

info@ktdev.kz

Для СМИpr@ktdev.kz

© 2026 Барлық құқықтар қорғалған.