Суретші Санжар Жұбанов Almaty SuperSki жобасының мәдени кодын қалыптастыруға атсалысады

Қазақстандық суретші Санжар Жұбанов болашақтағы Almaty SuperSki тау курортының мәдени-тарихи келбетін қалыптастыруға үлес қосады. Осыған байланысты ол Көкжайлау үстіртінде жүзеге асырылып жатқан жобаның операторы – «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың болашақ тау курортының мәдени-тарихи құрамдас бөлігін дамыту жөніндегі ниеттерін бекітеді.
Меморандумға «Kazakh Tourism Development Ltd.» басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев пен суретші Санжар Жұбанов қол қойды. Келісім негіздемелік сипатқа ие және бес жыл мерзімге жасалып, тараптардың өзара келісімі бойынша кейіннен ұзартылуы мүмкін.
Құжатқа сәйкес, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанның әр өңірінен анықталған петроглифтер мен жартас суреттерін көркем тұрғыда қайта пайымдап, заманауи форматта ұсыну болмақ. Сонымен қатар, суретші археологиялық нысандарды курорттың туристік және ағартушылық ортасына кіріктіру тұжырымдамасын әзірлеуге қатысады.
– Almaty SuperSki – бұл тек туристік инфрақұрылым ғана емес, табиғат, тарих және мәдениет табиғи түрде тоғысатын кеңістік. Көк-Жайлаудың мұрасы мыңжылдықтар қойнауынан бастау алады. Біздің міндетіміз – осы құндылықтарды сақтап, курорт қонақтарына қолжетімді ету. Санжар Жұбановпен ынтымақтастық жобаның осы жердің шынайы тарихи айғақтарына негізделген бірегей мәдени қабатын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Ержан Еркінбаев.
Көркемдік жұмыстардан бөлек, Санжар Жұбанов курорт аумағындағы археологиялық нысандарға арналған ақпараттық және навигациялық материалдарды әзірлеуге, сондай-ақ аумақтың мәдени-тарихи мұрасына арналған қоғамдық іс-шаралар мен салалық талқылауларға қатысады.
Тараптар ағартушылық бағытқа да ерекше көңіл бөлмек. Атап айтқанда, курортқа келетін қазақстандық және шетелдік қонақтарға бірдей түсінікті болатын көрнекі әрі мазмұндық тіл қалыптастыру көзделіп отыр.
– Көкжайлау петроглифтері – тасқа қашалып, уақыт арқылы бізге жеткен ата-бабаларымыздың үні. Көркем образдар арқылы ұрпақтар сабақтастығын көрсетіп, көне таңбалардың мәнін қазіргі адамға түсінікті етуді мақсат етемін. Мен үшін болашақ курортқа келушілердің тек таудың сұлулығын ғана емес, осы өлкенің мәдени кодын да сезіне алғаны маңызды, – деп атап өтті Санжар Жұбанов.
Ынтымақтастық аясында компания суретшіге ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіп, анықталған археологиялық нысандарға қатысты материалдарға қолжетімділік береді. Сондай-ақ тараптар жобаны табиғи, спорттық және мәдени-тарихи құндылықтарды үйлестіре білген бірегей туристік кеңістік ретінде бірлесіп насихаттауға уағдаласты.
Аталған меморандумға қол қою жоба аясында ғылым, мәдениет және спорт салаларындағы қазақстандық мамандармен серіктестік аясын кеңейту бағытындағы жұмыстың жалғасы болып табылады. Бұған дейін «Almaty SuperSki» экология, туризм және таулы аумақтарды дамыту салаларындағы бірқатар отандық сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен осындай келісімдер жасаған болатын.
Еске сала кетейік, Almaty SuperSki жобасы Алматы маңында Көк-Жайлаудың табиғи және мәдени-тарихи мұрасын сақтауға басымдық бере отырып, заманауи әрі жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын құруды көздейді.
Жарияланған мақала
22 мамыр 2026
