Көк-Жайлауда не болады: журналистерге Almaty SuperSki жобасының өзекті нұсқасы таныстырылды

Almaty SuperSki тау туризмін дамыту жобасына арналған ашық талқылау өтті. Кездесу Көк-Жайлау шатқалына жақын аумақта ашық форматта ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері мен басқа да мүдделі тараптарға жобаның ерекшеліктерін, қолданыстағы инфрақұрылымды және аумақтың табиғи жағдайларын сол жерде талқылауға мүмкіндік берді.
Ғылыми қоғамдастық, сарапшылар, белсенділер мен жобаға қарсы тарап өкілдерінің сұрақтарына Kazakh Tourism Development компаниясының Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев жауап берді. Талқылауға сондай-ақ танымал биатлоншы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева, альпинист Максут Жұмаев және ұлттық парктің мүдделерін білдіретін Іле-Алатау МҰТП Үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұхтар Тайжан қатысты.
Кездесу барысында Ержан Еркінбаев экологиялық жүктеме мәселелеріне кеңінен тоқталып, жобалау жұмыстары аумақтың табиғи ерекшеліктері мен бейінді зерттеулердің нәтижелері ескеріле отырып жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жұмысқа геодезиялық, геологиялық, гидрологиялық, топырақтану, орман орналастыру және басқа да зерттеулер жүргізетін мамандар мен ғылыми ұйымдар тартылған. Сондай-ақ соңғы уақытта жобаға қатысты талқыланып жүрген негізгі мәселелерге: өсімдік жамылғысын сақтау мен сумен қамтамасыз етуге, қар көшкіні қауіпсіздігіне, көлік инфрақұрылымына, болашақ курорттың параметрлеріне, оның экономикалық моделіне және аумақты жыл бойы дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар «Алматы Су» мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта Алматы қаласында тәулігіне шамамен 600–700 мың текше метр ауыз су тұтынылатыны, ал қолданыстағы инфрақұрылым тәулігіне 1,2 млн текше метрге дейін су беруге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Курорт ең жоғары жүктемемен жұмыс істеген жағдайда да Қазашқа өзенінен алынатын судың есептік көлемі су ағынының табиғи көлемінің 14%-ынан аспайды. Осылайша, курорт қажеттіліктері үшін есептелген су алу көлемі қаланың ауыз сумен қамтамасыз етілуіне қауіп төндірмейді.
Сондай-ақ қар көшкіні қауіпсіздігі мен аумақты инженерлік дайындау мәселелері қаралды. Болашақ курорттың қауіпсіздігі тиісті зерттеулер негізінде құрамы мен параметрлері айқындалатын мамандандырылған инженерлік шешімдер кешені арқылы қамтамасыз етілетіні атап өтілді.

Талқылау барысында Almaty SuperSki-дің төрт маусымдық тұжырымдамасы егжей-тегжейлі таныстырылды. Жоба тек тау шаңғысы курорты ретінде ғана емес, қысқы спорт түрлерімен айналысуға, отбасылық демалысқа, жаяу бағыттарға, рекреациялық, спорттық және табиғатты тануға бағытталған белсенділік түрлеріне, сондай-ақ спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін жыл бойы жұмыс істейтін туристік кешен ретінде қарастырылады.
Көк-Жайлаудың табиғи және рекреациялық функциясын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жоба өкілдері ұйымдастырылған туристік инфрақұрылымды дамыту рекреациялық жүктемені бақылаумен, тұрақты экологиялық мониторингпен және табиғи аумаққа жауапкершілікпен қараумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
«Біз үшін бұл талқылауды Көк-Жайлауға жақын жерде өткізу аса маңызды болды. Бұл аумақтың және жобаның ерекшеліктерін барынша көрнекі түрде талқылауға мүмкіндік береді. Бүгін журналистер мен блогерлер жоспарланып отырған инфрақұрылым, инженерлік шешімдер және жобаның экологиялық аспектілері бойынша сұрақтарын тікелей қойды. Біз мұндай кездесулер ашық диалог үшін маңызды деп санаймыз. Өйткені мұнда жобаны жай ғана таныстырып қоймай, оның қандай зерттеулер мен шешімдерге негізделгенін егжей-тегжейлі түсіндіруге мүмкіндік бар», – деді Ержан Еркінбаев.

Ол сондай-ақ ашық пікірталас өзекті деректер мен құжаттарға негізделуі тиіс екенін атап өтті. «Біз жобаның айналасында әртүрлі бағалар мен ұстанымдар бар екенін түсінеміз. Мұндай ауқымды әрі қоғам үшін маңызды жобаға қатысты бұл қалыпты жағдай. Біздің міндетіміз – күрделі сұрақтардан қашу емес, оларға нақты жауап беру және ақпаратты тексеруге мүмкіндік жасау. Бүгін біз қоғамда ең көп қызығушылық тудыратын сұрақтарға жауап беруге және біздің шешімдеріміз нақты зерттеулер мен есептеулерге негізделетінін көрсетуге тырыстық», – деді Ержан Еркінбаев.
** _Анықтамалық ақпарат:** Kazakh Tourism Development Ltd. – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке компания. Компания жыл бойы жұмыс істейтін туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған туризм саласындағы басым жобаларды іске асыру мақсатында құрылған. Негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және әлеуметтік-экономикалық өсуге ықпал ететін заманауи әрі тұрақты туристік экожүйе қалыптастыру. _
Жарияланған мақала
14 тамыз 2026
