Көк-Жайлаудағы курорт: су, өсімдіктер мен ағаштарға не болады

Алматыда Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. «Kazakh Tourism Development» компаниясының Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Көк-Жайлау шатқалында Almaty SuperSki тау курортының құрылысы қалай жүргізілетінін айтып берді. Талқылауға ғылыми қауымдастық пен бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты. Негізгі тақырыптар қатарында жобаның Алматының сумен қамту жүйесіне, өсімдіктер дүниесіне әсері, сондай-ақ курорттың құны мен оған қолжетімділік шарттары болды.
«Табиғи ортаға мүлдем әсер етпей, ауқымды жоба жасау мүмкін емес»
Еркінбаевтың айтуынша, қазір нысанда мердігерлер жұмыс істеп жатыр. Олар технологиялық жолдар салып, электрмен жабдықтау желісін жүргізіп, шамамен он жыл бұрын салынған трансформаторлық қосалқы станцияны қалпына келтіруде. Еркінбаев құрылыс табиғи аумаққа белгілі бір деңгейде әсер ететінін мойындады. Сонымен қатар ол кейін аумақты барынша қалпына келтіруге, құрылыс барысын ашық көрсетуге және нысаннан түсірілген фотосуреттерді тұрақты түрде жариялап отыруға уәде берді. «Қалай болғанда да, құрылыс-монтаж жұмысы – құрылыс-монтаж жұмысы. Үйде люстра ілсеңіз де, шаң пайда болады. Сондықтан біз шындықты ашық айтуды жоспарлап отырмыз: жер қазамыз, топырақтың шым қабатын аламыз. Барлығы ғылыми талаптарға сай жүргізіледі, кейін барлығын қалпына келтіреміз. Бірақ табиғи ортаға мүлдем әсер етпей, осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкін емес», – деді ол. Еркінбаевтың айтуынша, тұрғындардың кейбір алаңдаушылығы ақпараттың жеткіліксіздігінен туындайды. «Жобаның тағдырына бейжай қарамайтын, сұрақ қоятын және талқылауға дайын адамдардан құралған Үйлестіру кеңесінің рөлі өте маңызды. Бұл бізге халықты нақты не қызықтыратынын түсініп, ештеңені жасырмай, нақты жауап беруге көмектеседі», – деді ол.
Курорт алматылықтарды ауызсудан айырмайды
Алматы тұрғындарын алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – курорттың қаланы сумен қамтамасыз ету жүйесіне ықтимал әсері. Еркінбаев ауызсу тапшылығы болуы мүмкін деген пікірлерді негізсіз деп атады. Оның айтуынша, Алматыдағы судың шамамен 60%-ы жерасты көздерінен – Алматы, Кіші Алматы және Талғар кен орындарынан, сондай-ақ Каменское үстіртінен алынады. Қалған 40%-ы таулы өзендерден – Үлкен және Кіші Алматы, Кім-Асар, Қарғалы және Ақсай өзендерінен келеді. Бұл ретте Қазашка өзенінде Алматы қаласын ауызсумен қамтамасыз ететін ірі су алу құрылыстары жоқ. Еркінбаевтың айтуынша, бейінді институт жүргізген зерттеу өзен ресурстарының жеткілікті екенін көрсетті. Тіпті ең жоғары жүктеме кезінде, яғни шамамен 500 қар зеңбірегі бір уақытта жұмыс істеп, қонақүйлер толық толған жағдайда да, курортқа өзеннің су өтімінің 14%-дан аспайтын бөлігі қажет болады. «Курорт қаланы сумен қамтамасыз ететін көздерге ешқандай әсер етпейді. Сондықтан су мәселесін нақты түсіндіріп, күн тәртібінен алып тастау керек», – деді ол. Еркінбаевтың мәліметінше, Алматының қолданыстағы инфрақұрылымы тәулігіне 1,2 млн текше метрге дейін су беруге мүмкіндік береді, ал нақты тұтыну көлемі шамамен 600 мың текше метрді құрайды.
Ғалымдардың мәліметінше, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер құрылыс аумағынан тыс орналасқан
Өсімдіктер дүниесін зерттеуді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мамандары жүргізді. Отырыста ұсынылған қорытындыға сәйкес, негізгі құрылыс жұмыстары жүргізілетін учаскелерде Қызыл кітапқа енген өсімдіктер анықталмаған. Островский қызғалдағы, Альберт құртқашашы және Сиверс алмасы Көк-Жайлау шатқалында кездеседі. Алайда зерттеушілердің мәліметінше, олар құрылыс жүргізілетін аумақтардан тыс жерде өседі. Болашақ курорт аумағында жалпы ауданы шамамен 19 гектар болатын еуропалық шыршаның жасанды екпелері де бар. Ағаштардың бір бөлігін қайта отырғызу жоспарланса, кейбірін алып тастауға тура келеді. Еркінбаевтың айтуынша, кейбір шыршаларды орман патологтары санитарлық топқа жатқызған. Алынған ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілетіні айтылды. «Иә, шырша әдемі. Құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты оның бір бөлігін алып тастауға, ал бір бөлігін қайта отырғызуға тура келеді. Бірақ біз кез келген жағдайда өтемдік жұмыстар жүргіземіз. Кеуіп қалған немесе санитарлық топқа жатқызылған ағаштардың өзі назардан тыс қалмайды», – деді ол.
Курорт ашылғаннан кейін де экологиялық мониторинг жалғасады
Жоба өкілдері ғылыми ұйымдармен ұзақ мерзімді экологиялық мониторинг жүргізу жөнінде келісімге келді. Зерттеулер құрылыс кезеңінде де, курорт іске қосылғаннан кейін де жүргізіледі. Еркінбаевтың айтуынша, мамандар курорттың суға, топыраққа, ауаға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне әсерін бақылауы тиіс. Отырысқа қатысушылар бірнеше нақты өлшенетін экологиялық көрсеткішті таңдап, олардың нәтижелерін тұрақты түрде жариялауды ұсынды. Бұл қоғамға жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Еркінбаев деректерді ашық жариялау идеясын қолдады. Алайда кездесуде нақты көрсеткіштер тізімі мен мониторинг жүргізу мерзімділігі әзірге айтылған жоқ.
Француздың POMA компаниясы 11 аспалы жол салады
Курорттағы он бір аспалы жолды француздық POMA компаниясы салады. Еркінбаевтың айтуынша, келісімшартта кемінде 30% жергілікті қамту қарастырылған. Қазақстанда өндіруге болатын конструкциялар мен жабдықтар ел ішінде жасалуы тиіс. Аспалы жолдар бойынша бас мердігер ретінде өндіруші компанияның өзі жұмыс істейді. POMA нысандардың құрылысын жүргізіп, оларды толық дайын күйінде пайдалануға беруге жауапты болады. «Көбіне өндірушіден аспалы жол сатып алынып, кейін жергілікті құрылыс компаниясы бөлшектелген конструкцияны өз тәжірибесі жеткенше жинайды. Біз бұл тым жауапты жоба деп есептедік. Ғасырлық тәжірибесі бар компания өз атымен және сапасымен өзі жауап беруі керек», – деді Еркінбаев.
Ұлттық қордың қаражаты тартылмайды
Еркінбаев Ұлттық қор қаражаты пайдаланылып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл ақпарат техникалық қателік пен кейінгі қате аударма салдарынан пайда болған. «Ұлттық қордан бұл жоба ешқандай жағдайда қаржыландырылмайды. Жоба «Бәйтерек» холдингінің қаражаты есебінен қаржыландырылады», – деді ол.

Балалар мен мүгедектігі бар адамдарға тегін қолжетімділік ұсынылады
Курорт толықтай тегін болмайды, себебі оны күтіп-ұстау тұрақты шығындарды талап етеді. Алайда жоба басшылығы әлеуметтік тарифтер енгізуді жоспарлап отыр. Еркінбаевтың айтуынша, мектеп оқушылары мен мүгедектігі бар адамдарға тегін қолжетімділік беру жоспарлануда. Студенттер мен зейнеткерлер үшін қолжетімді бағалар белгілеу көзделіп отыр. Балаларға арналған шаңғы сабақтары мен кейбір жазғы белсенділіктерді де тегін ету мүмкіндігі қарастырылуда. «Ақылы абонементтердің бағасы орташа алматылықтың немесе қазақстандықтың қалтасы көтермейтіндей қымбат болмауы тиіс», – деп қорытындылады Еркінбаев.
Жарияланған мақала
3 тамыз 2026
