Белгілі экоактивист Сергей Спицын Kazakh Tourism Development компаниясының консультанты болады

«Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясы танымал экоактивист Сергей Спицынмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол Алматыны экологиялық туризмнің тартымды орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған бастамаларға сарапшылық қолдау көрсететін болады.
Ынтымақтастық туралы меморандумға Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев пен Сергей Спицын қол қойды. Құжат тараптардың Almaty Superski жобасы аясындағы қонақжайлық инфрақұрылымын, қоғамдық тамақтану нысандарын және туристерді қызықтыратын нысандарды дамыту бағытындағы ынтымақтастығын айқындайды.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, сарапшы-консультантты тарту курорттың халықаралық тау туристік дестинацияларының стандарттарына сай келетін, сапалы әрі бәсекеге қабілетті қонақжайлық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Меморандумға сәйкес, Сергей Спицын жобаға сарапшылық, консультациялық және имидждік қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, ол курорт аумағындағы мейрамханалар, дәмханалар және жедел қызмет көрсету орындарының тұжырымдамасын әзірлеуге қатысады. Бұл ретте таулы жер бедерінің ерекшеліктері мен нысандардың қысқы және жазғы туристік маусымдардағы жұмыс істеу ерекшеліктері ескерілетін болады.
Сондай-ақ консультант туристік соқпақтарды дамыту мәселелерімен айналысады: қолданыстағы инфрақұрылымға талдау жүргізіп, маршруттарды жетілдіру және олардың келушілер үшін тартымдылығын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Бұдан бөлек, ол таулы аймақта визит-орталықтарды орналастыру және ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес беріп, отбасыларға, спортшыларға және жеке саяхатшыларға арналған туристік тартымдылық нүктелерінің тұжырымдамасын жасауға қатысады.
Сонымен қатар, Сергей Спицын таулы ортадағы қонақжайлық инфрақұрылымын дамытуға қатысты халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді, жобаның салалық іс-шаралары мен таныстырылымдарына қатысады және курортты сервистік инфрақұрылымы дамыған заманауи тау туристік бағыты ретінде ілгерілетуге қолдау көрсетеді.
– Бүгінде әлемдегі жетекші тау курорттары тұрақты туризм қағидаттарына сүйене отырып дамуда. Мұнда экологиялық жауапкершілік, қызмет көрсету сапасы және табиғи ландшафтқа ұқыпты қарау шешуші рөл атқарады. Almaty Superski Орталық Азиядағы осындай табысты үлгілердің біріне айнала алады деп сенемін. Ол үшін жобалау кезеңінің өзінде экологиялық жауапкершілікке, заманауи инфрақұрылымға және туристер үшін жайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет, – деді Сергей Спицын.
Сергей Спицын – экологиялық туризм мен тау инфрақұрылымын дамыту саласындағы белгілі қазақстандық экоактивист, қоғам қайраткері және сарапшы. Ол табиғи аумақтарды қорғау, тұрақты туризмді дамыту және Қазақстандағы экологиялық мәдениетті ілгерілетуге бағытталған бастамаларымен танымал. Көп жылдан бері таулы экожүйелерді сақтау мәселелерімен айналысып келеді, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысты қоғамдық талқылауларға қатысып, экотуризм мен тұрақты даму саласындағы түрлі бастамаларға сарапшылық кеңес беріп жүр.
Жарияланған мақала
22 мамыр 2026
