Жолдау-2025: Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне ерекше назар аударды

Президент заманауи инфрақұрылым салудың маңыздылығын атап өтті
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту жергілікті атқарушы органдар үшін тұрақты басымдыққа айналатынын, ал орталық мемлекеттік органдар халықаралық туристерді тартуға және заңнаманы жетілдіруге күш жұмсайтынын атап өтті.
Президент Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне ерекше назар аударып, заманауи инфрақұрылым салудың маңыздылығын жеткізді. Бұл міндеттерге 2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамыту жобасы жауапты болмақ. Жоба биылғы мамыр айында іске қосылған болатын. Жобаның мақсаты – жыл бойы жұмыс істейтін, халықаралық деңгейдегі тұрақты әрі қауіпсіз туристік экожүйе қалыптастыру. Кластер аясында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі үш аймақ айқындалған. Олар негізгі курорттар мен болашағы зор бағыттарды қамтиды.
Жобаны іске асыру барысында мынадай жаңашылдықтар қолданылады:
- жаңартылатын энергия көздерін пайдалану;
- қоршаған ортаны цифрлық бақылау жүйелері;
- экологиялық талаптар мен ESG стандарттарына сай болу;
- Экотуризмнің дамуына қосымша серпін беріледі, атап айтқанда, жаңа жаяу жүргінші және тау велосипеді бағыттарына, глэмпингтерге (жайлы табиғи демалыс орындары), этно-қонақ үйлерге және инклюзивті инфрақұрылымға.
- Бастапқы деңгейдегі шаңғышыларға арналған трассаларға ерекше көңіл бөлінеді, бұл – бұқаралық шаңғы мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
- Жоба нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, ел экономикасының өсуіне серпін беретін негізгі факторлардың біріне айналады.
Жоба курорттарды бірыңғай жүйеге біріктіруді, экотуризмді дамытуды, бұқаралық демалысқа арналған жаңа бағыттар мен инфрақұрылым салуды, заманауи технологиялар мен экологиялық стандарттарды қолдануды көздейді.
Жобаны жүзеге асыру Алматы қаласының туристік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірді халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ұлттық брендке айналдыруға мүмкіндік береді.
Жарияланған мақала
9 қыркүйек 2025
