Франциялық POMA компаниясы Almaty SuperSki жаңа тау курорты үшін аспалы жолдар салады
Көк-Жайлау шатқалында жүзеге асырылып жатқан Almaty SuperSki тау курорты жобасы аясында аспалы жолдар жүйесін жобалау, өндіру, монтаждау және пайдалануға беру жөніндегі шартқа қол қойылды.
Құжатқа «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев пен POMA S.A.S. компаниясының халықаралық сату жөніндегі директоры Эдуард Довийер қол қойды.
Шартқа қол қоюдың алдында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. «Kazakh Tourism Development Ltd.» мамандары жабдықты жобалау мен өндіруден бастап, жеткізу, монтаждау және аспалы жол жүйелерін іске қосуға дейінгі жұмыстардың толық кешенін «кілтке тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асыра алатын компанияны анықтау мақсатында нарыққа жан-жақты талдау жүргізді.
Жобаның серіктесі ретінде аспалы жолдарды жобалау, өндіру және пайдалануға беру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Францияның POMA S.A.S. компаниясы таңдалды. Компанияның тарихы шамамен 90 жылды қамтиды: 1936 жылдан бері POMA S.A.S. әлемнің 90 елінде 8 мыңға жуық жобаны жүзеге асырған. Компанияның технологиялық шешімдері әлемнің жетекші тау шаңғысы курорттары мен қалалық көлік жүйелерінде қолданылады және қауіпсіздік, сенімділік пен экологиялық тұрақтылықтың ең жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.
Almaty SuperSki жобасы аясында әртүрлі үлгідегі 11 заманауи аспалы жол салынады. Олардың қатарында 3S жүйесіндегі гондолалы аспалы жолдар, 10 орындық гондолалар және креслолы аспалы жолдар бар.
Аспалы жолдар курорттың әлеуметтік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады. Заманауи жүйелер балаларға, егде жастағы адамдарға және мүмкіндігі шектеулі келушілерге таулы аймақтарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, Көк-Жайлау шатқалының табиғи сұлулығы мен байлығы жасына және дене дайындығына қарамастан Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді болады.
Аталған шартқа қол қою Almaty SuperSki жобасын іске асырудағы маңызды кезең болып табылады және жобаның тау шаңғысы инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігі бойынша ең жоғары халықаралық стандарттарды ұстанатынын растайды.
Жарияланған мақала
30 шілде 2026
