Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Almaty Superski жобасын іске асыру аясында жобалау-іздестіру жұмыстары басталды

Almaty Superski жобасын іске асыру аясында жобалау-іздестіру жұмыстары басталды

Жобалау-іздестіру жұмыстарының мақсаты – құрылыстың қоршаған ортаға мүмкін әсерін бағалау, оңтайлы техникалық шешімдерді анықтау, жобаны іске асыру үшін қажетті мәліметтер базасын қалыптастыру.

Болашақта кешен бой көтеретін аумақтың жер бедеріне, топырақ пен жер асты қабаттарына жан-жақты геодезиялық және геологиялық зерттеулер жүргізіледі. Геодезиялық жұмыстарға – топографиялық түсірілім, координаттарды анықтау, учаскенің шекараларын нақтылау және болашақта салынатын нысандардың нақты орындарын белгілеу кіреді. Геологиялық зерттеулер сынамаларды алуды, топырақтың физика-механикалық қасиеттерін талдауды, сондай-ақ сейсмикалық тұрақтылық пен ықтимал табиғи тәуекелдерді бағалауды қарастырады. Бұл деректер таулы аймақтың ерекшеліктері мен қоршаған ортаны қорғау талаптарын ескере отырып, инфрақұрылымды қауіпсіз жобалау үшін қажет.

Almaty Superski жобасы күніне 10 000-нан астам шаңғышыны қабылдай алатын заманауи инфрақұрылымды салуды көздейді. Жоспарға сәйкес 16 аспалы жол және әртүрлі күрделіліктегі 60 шақырымнан астам шаңғы трассасы бой көтереді. Трассалардың бір бөлігі шаңғы тебуді жаңадан бастаған адамдар үшін қарастырылғаны маңызды. Бұл өз кезегінде шаңғы тебу спорт түрін халық арасында танымал әрі қолжетімді етуге айтарлықтай үлес қосуға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыруда экологиялық жауапкершілік пен қолжетімділік мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Барлық жұмыстар табиғатты қорғау нормалары мен халықаралық стандарттарды сақтай отырып жүзеге асырылады. Жаяу және велосипед (тау) туризмі үшін маршруттарды дамыту, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін инклюзивті инфрақұрылым құруға басымдық беріледі.

Экожүйенің (ауа, су, топырақ) жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Табиғатқа тигізуі мүмкін әсерді азайту үшін үздік халықаралық тәжірибелері қолданылатын болады.

Almaty Superski жобасын әлемге танымал Pas Grau International (PGI) компаниясы сүйемелдейтін болады. 1957 жылы Андоррада құрылған PGI тау шаңғысы курорттарын стратегиялық дамытуға, маркетингке, жобаны толық басқаруға маманданған. Осы уақыт ішінде PGI әлемнің төрт құрлығында 120-дан астам курортты, соның ішінде Еуропа мен Азиядағы туризмнің тұрақты дамуының сәтті мысалдарына айналған жобаларды жүзеге асыруға қатысты.

Естеріңізге салсақ, таяуда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясы директорлар кеңесін өткізді, онда PGI компаниясымен бірлесіп әзірленген Almaty Superski курортының жаңартылған кешенді жоспары таныстырылды.

Жарияланған мақала

3 қазан 2025

Көбірек мақалалар

Kazakh Tourism Development

Тұрақты туризмді дамыту және Қазақстанның табиғатының көркемдігін әлемге таныту.

Байланыс

Астана, Қазақстан

info@ktdev.kz

Для СМИpr@ktdev.kz

© 2026 Барлық құқықтар қорғалған.