Сәкен Кагаров Almaty Superski жобасының амбассадоры атанды

Алматыда белсенді туризмді дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және заманауи жыл бойы жұмыс істейтін туристік инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында «Kazakh Tourism Development Ltd.» ЖК мен белгілі қазақстандық спортшы Сәкен Кагаров арасында Almaty Superski жобасын ілгерілетуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа сәйкес, Сәкен Кагаров жобаның ресми өкілі (амбассадоры) атанып, белсенді туризм инфрақұрылымын дамытуға сараптамалық қолдау көрсетеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – спорттық және отбасылық форматтағы трассаларды қоса алғанда, курорттың заманауи тауға арналған велосипед инфрақұрылымын қалыптастыруға қатысу.

Сәкен Кагаров тау велосипеді трассаларының тұжырымдамасын әзірлеуге, құрылысын сараптамалық сүйемелдеуге, маршруттарды жоспарлауға және тауда қауіпсіз велосипед тебудің мәдениетін қалыптастыруға қатысады. Маршруттарды күрделілік деңгейлері бойынша бөлуге ерекше назар аударылады, бұл осы спортты енді бастаушылар үшін де, кәсіби спортшылар үшін де қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Тараптар сондай-ақ жобаны ақпараттық және имидждік сүйемелдеу бағытында өзара іс-қимыл жасауға уағдаласты. Сәкен Кагаров қоғамдық іс-шараларға, презентацияларға және салалық талқылауларға қатысып, белсенді өмір салтын, тұрақты туризмді және заманауи демалыс бағыттарын ілгерілетуге қолдау көрсетеді.
Сәкен Кагаров – Қазақстандағы тау велоспортының танымал өкілдерінің бірі, маунтинбайкингтен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық жарыстарға қатысушы және экстремалды спорт түрлерін насихаттаушы. Ол елімізде даунхилл және mountain bike мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, жастар мен спорт қауымдастығы арасында беделді сарапшы әрі көшбасшысы ретінде танылған.
«Алматының басты артықшылығы – қалаға жақын орналасқан таулар. Мұнда халықаралық деңгейдегі заманауи велоинфрақұрылымды дамытуға барлық мүмкіндік бар. Сапалы трассалар пайда болған кезде бұқаралық спорт, сырғанау мәдениеті, жаңа туристер мен халықаралық жарыстар келеді. Almaty Superski жобасы Қазақстанда белсенді туризмді дамытудың жаңа кезеңін бастайды деп сенемін», – деді Сәкен Кагаров.
Өз кезегінде «Kazakh Tourism Development Ltd.» ЧК бірлескен бастамаларды тиімді іске асыру үшін ресми өкілге жан-жақты қолдау көрсетеді.
Almaty Superski жобасы Қазақстандағы тау туризмін дамыту саласындағы ірі бастамалардың бірі болып табылады және халықаралық деңгейдегі, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Анықтама:
Kazakh Tourism Development Ltd. – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке компания. Туризм саласында жыл бойы қызмет көрсететін туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған басым жобаларды іске асыру үшін құрылған. Негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарға сай және әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал ететін заманауи және тұрақты туристік экожүйені қалыптастыру.
Жарияланған мақала
23 сәуір 2026
