Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

«Инфрақұрылымға салынған әрбір бір доллар қосымша екі доллар жеке инвестиция тартады»

«Инфрақұрылымға салынған әрбір бір доллар қосымша екі доллар жеке инвестиция тартады»

КӨКЖАЙЛАУДА ЖАҢА ТАУ-ШАҢҒЫ КУРОРТЫН КІМ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ САЛАДЫ

2029 жылға қарай Қазақстанда жаңа тау-шаңғы курорты – Almaty Superski пайда болады, ол Алматы тау кластерінің өзегіне айналады. Оның құрылысына Іле-Алатау ұлттық паркі алаңының шамамен 1 мың гектары немесе 0,5%-дан кем аумағы бөлінеді. Бұл аумақта жылына шамамен 8-9 миллион туристің өткізу қабілеті бар 60 шақырым жаңа шаңғы трассалары мен 17 аспалы жол салынады. Курорттың операторы «Бәйтерек» холдингінің құрамына кіретін Kazakh Tourism Development (KTD) компаниясы. Digital Business-ке берген сұхбатында KTD компаниясының Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Қазақстанға жаңа тау-шаңғы курортының не үшін қажет екенін, оны әзірлеу кезінде қандай экологиялық тәуекелдер ескерілгенін және оның Алматы агломерациясына қандай мультипликативтік әсер ететінін айтты. Сондай-ақ, көптеген жылдар бойы Көкжайлаудың дамуына қарсы болған экологтар мен қоғам белсенділердің ұстанымына түсініктеме беруді сұрадық.

«ТУРИЗМ ҮЛЕСІ ЖІӨ-НІҢ ШАМАМЕН 10-12% ҚҰРАЙТЫН АВСТРИЯНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕ СҮЙЕНЕМІЗ»

– Алматы тау кластері дегеніміз не және онда Almaty Superski қандай орын алады?

– Бұл Алматы маңында бірыңғай туристік экожүйені дамыту бойынша ауқымды жоба. Оның мақсаты –туристерді, соның ішінде шетелдіктерді тарту үшін жыл бойы жұмыс ітейтін жаңа халықаралық шаңғы дестинациясын құру. Алматы тау кластерін іске асыру – үш маңызды бөліктен тұрады. Біріншісі – жұмыс істеп тұрған Шымбұлақ курортын жаңғырту. Мұнда шаңғы алаңдары кеңейтіліп, жаңа трассалар салынып, Чкалов шыңына дейін тағы бір аспалы жол салынады. Екіншісі – Медеу, Бутаковка, Қимасар, Пионер және Ой-Қарағай шатқалдарындағы курорттардың аумақтарын аспалы жолдар арқылы бірыңғай бір жүйеге біріктіру. Бұл жобаға Алматы әкімдігі жауапты. Үшіншісі – Көкжайлау шатқалында орналасқан Almaty Superski жаңа халықаралық курортының құрылысы. Орын кездейсоқ таңдалмады. Жобаны мегаполиске мүмкіндігінше жақын жерде жүзеге асыруды көздедік, сондықтан шетелдік турист таңертең шаңғымен сырғанап, түскі ас кезінде іргеде жатқан Алматы қаласындағы мұражайға барып, түнде қаланы аралай алады.

- Жобаны әзірлеу кезінде қандай халықаралық жемісті жүзеге асқан тәжіриебеге мысал ретінде қарастырдыңыздар?

– Бірінші кезекте, Альпі елдерінің тәжірибесіне. Атап айтқанда – Австрия, өйткені көптеген өлшемдер бойынша ол Қазақстанға жақын. Мысалы, бұл елде теңізге шығу мүмкіндігі жоқ және шаңғы туризміне бағытталған. Сонымен қатар, ол ірі елді мекендерден жаяу қашықтықта туристік қызметті ұсынады. Австрияның ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі шамамен 10%-12% құрайды, бұл саланы ұлттық экономиканың негізгі секторына айналған. Біз осындай нәтижеге ұмтылуымыз қажет.

- Жобаның мастер-жоспарын кім жасады?

– Pas Grau International – 70 жылдық тарихы бар Андоррада орналасқан халықаралық консалтингтік компания. Ол ірі тау шаңғысы курорттарын стратегиялық дамытуға маманданған. Кәсіпорын портфелінде – бүкіл әлем бойынша 120-дан астам жоба бар. Олардың арасында Куршевель, Давос, Сент-Мориц, Вейл және Аспен.

- Almaty Superski жобасы жүзеге асқаннан кейін туристер көлемі қаншалықты артады?

– Бүгінде Алматы өңірінің курорттарына жылына 2 млн-ға жуық турист келеді. Оның 1,5 млн-ы Шымбұлаққа, қалған 500 мыңы – Ақбұлақ пен «Лесную сказка»-ға тиесілі. Осы курорттардың инфрақұрылымын жаңғырту мен Almaty Superski құрылысының арқасында Алматы тау кластерінің өткізу қабілеті жылына 8-9 млн туристке дейін артады.

- Қазіргі тау-шаңғы инфрақұрылымы жаңа туристердің ағынына төтеп бере алады ма?

– Әрине, жоқ. Демалыс күндері Шымбұлаққа барып, адамдардың алдымен Медеу бағытында Достық даңғылындағы кептелісте, содан кейін – аспалы жол алдында кезекте тұратынына көпшілік куә. Курорттың өткізу қабілеті – күніне 4 мың адам. Демалыс күндері мұнда 10 мыңнан астам адам келеді, соның салдарынан көлік қана емес адам кептелісі орын алады.

«ӘР ШЕТЕЛДІК ҚОНАҚ ҚАЛАДА КҮНІНЕ ОРТА ЕСЕППЕН 450 АҚШ ДОЛЛАРЫН ЖҰМСАЙДЫ»

- Almaty Superski жобасы аясында қандай инфрақұрылымдық нысандар жаңадан салынады?

– Тау-шаңғы курортының бас жоспарына Күмбел шыңы мен Үш ағайынды шыңын қамтитын 17 аспалы жолын салу кіреді. Сонымен қатар, түрлі деңгейлі 60 км шаңғы трассасын салу жоспарланған.

– 11%-ы жасыл жолдар, балалар мен жаңадан бастаушыларға арналған

– 50%-ы көк, әуесқойлар үшін

– 23%-ы қызыл, тәжірибелі шаңғышылар үшін

– 16%-ы қара, кәсіпқойлар үшін.

Бұл жолдардың 70%-ы тіпті жылы температурада да тұрақты қар төсенішін қамтамасыз ететін Snow Factory жасанды қар жүйесімен жабдықталады. Біз жасанды қарға арналған суды арнайы тұрғызылатын резервуарлардан алатын боламыз.

- Курорттың жыл бойы жоғары жүктемесін сақтау үшін не істеу керек?

– Мұнда бірнеше нұсқаларды атап өтуге болады. Біріншісі – ыңғайлы инфрақұрылымды салу: қауіпсіз маршруттар және жаңа автобус желілерін іске қосу. Екіншісі – ауқымды іс-шаралардан тұратын туризм қажет. Яғни, Алматы тау бөктерінде Давостағы сияқты түрлі музыкалық фестивальдар, спорттық жарыстар мен экономикалық форумдар өткізу. Үшіншісі - туристік өнімдер желісін кеңейту қажет. Шаңғы және сноуборд тебуді ғана емес, сонымен қатар альпинизмді, таувелосипедін тебуді, треккингті және т.б. ұсыну. Төртінші – сапалы және қауіпсіз туризмге бәс тігу. Қазақстанның шығыс шекарасында 12,8 млн көшпелі туристі бар Қытаймен, солтүстігінде 3 млн саяхатшысы бар Ресеймен шектеседі. Бізге Үндістаннан, Ұлыбританиядан, Германиядан, АҚШ-тан және басқа елдерден туристердің ағыны келетінін айтпағанда. Сондықтан бізге қандай бағытта жұмыс істеу керек екеніндігі айқын.

- Қандай туристере басымдық бересіздер?

– Ең алдымен, таза табиғатты, әдемі пейзаждар мен көшпелі мәдениетті білетіндерге. Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, әрбір шетелдік қонақ қалада күніне орта есеппен 450 АҚШ долларын жұмсап, ел экономикасына қалдырады. Шаңғы туризмімен айналысатындар одан да көп ақша жұмсайды. Қазақстанда болған барлық уақыт ішінде тағы да орта есеппен шетелдік туристер кемінде 1,5 мың АҚШ долларын жұмсайды.

«ТУРИСТТІК АҒЫННЫҢ АРТУЫ АЛМАТЫ АГЛОМЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫН КҮШЕЙТЕДІ»

- Жаңа курорттың құрылысы қанша тұрады?

– 10 жыл бұрын мақұлданған жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыстардың құны шамамен 500 млн. АҚШ доллары№ Бұл сома экологтар мен қоғам белсенділерінің пікірлерін ескере отырып пайдаланылатын жаңа заманауи экологиялық, инженерлік шешімдерді енгізудің есебінен өсуі мүмкін. Салыстыру үшін, Әзірбайжан «Шахдаг» курортының құрылысына 1,3 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды, ал Қырғызстан өзінің «Үш шың» курортына 1,2 млрд АҚШ доллар инвестиция жұмсауды жоспарлап отыр.

- Жобаны іске асырудан қандай мультипликативті әсер күтілуде?

– Инфрақұрылымға салынған әрбір 1 АҚШ доллары қосымша 2 АҚШ доллар жеке инвестиция тартады. Бұдан басқа, туристік ағымның өсуі Алматы агломерациясының экономикасын күшейтеді: шағын бизнеске – кафеден қонақүйлерге сұраныстың артуы арқасында 5 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

– Қаржыландыру көздері бюджеттік ақша ма, әлде жеке инвестиция ма?

– Курорттың коммуникациялары мен инженерлік инфрақұрылымы Қазақстанның Даму банкінен мемлекеттік жеңілдікті қарыз есебінен салынады деп жоспарлануда. Қалғанының бәрі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады.

- Жеке инвестицияларды қалай және қандай шарттармен тартасыздар?

– Бірінші инженерлік коммуникацияларды өткізгеннен кейін әлеуетті инвесторларға ниеттің маңыздылығын білу үшін open call жасалады. Біз олармен келесі қағида бойынша жұмыс істейтін боламыз: салынатын жер «Іле Алатауы» ұлттық паркінің құрылымында қалады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамынан шығарылмайды. Инвестор жерді пайдалану құқығын алады. Жоба өте тартымды екеніне сенімдімін және біз оны жүзеге асыру үшін инвестиция тез табамыз.

«НЕЛІКТЕН ЖОБАНЫ ҚОЛДАМАЙТЫН АДАМДАР БАР»

- Көкжайлау шатқалында тау-шаңғы курортының құрылысына қарсылардың қатары көп көрінеді. Олардың басты дәлелі ретінде – жергілікті экожүйе мен табиғи ландшафт зардап шегеді дейді. Адамдарды су тапшылығы, ағаштарды қайта отырғызу, жобаның ұлттық парк аумағында орналасу мәселесі алаңдатады. Бұл көптеген алматылықтар үшін бірнеше жылдар бойы көтеріп келе жатқан маңызды мәселелер. Жобаны әзірлеу кезінде қандай экологиялық тәуекелдерді ескерілді?

– Иә, жобаның қарсыластары бар. Бастысы біз олардың пікіріне құрметпен қарауымыз керек, өйткені олар біз сияқты Қазақстанның азаматтары. Мен олардың алаңдаушылықтарын толығымен түсінемін. Бірақ егер сандар мен фактілерге сүйенетін болсаңыз, онда алаңдауға негіз жоқ. Мысалы, соңғы 100 жылда Италия тек Dolomiti Superski курорты үшін 1200 км-ден астам жол салды. Олар өз елдерінің экологиялық стандарттарын сақтай отырып, табиғатқа қамқорлық жасайтын туристік нысандар салды. Біз дәл осындай көзқарасты ұстанатын боламыз. Сондықтан біз сарапшылар мен ғалымдарды: ботаника ғалымдарын, климатты зерттейтін мамандарды, гляциологтарды, топырақтанушылар мен экологтарды және басқаларды бірге жұмылдырып, жұмыс істеудеміз. Олар өз кезегінде жобаның әрбір сызбасы мен инфрақұрылымдық шешімнің заңнамаға және ҚР Экологиялық кодексіне сәйкестігін тексереді. Сонымен қатар, біз курортта мұражай-зертханалық кеңістік ашуды жоспарлап отырмыз, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін де онда ғалымдар биоәртүрлілікті, топырақ эрозиясын, экожүйеге антропогендік жүктеменің өсуін, мұздықтар мен су ресурстарының жай-күйін бақылай алады. Сарапшылардың ғылыми қорытындысын алмай біз бір қадам жасамаймыз. Айта кету керек, біз сондай-ақ өтемдік ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз.

- Осы жоба бойынша қоғамдық тыңдау қай уақытқа жоспарланған?

– Қоғамдық тыңдау 2026 жылдың сәуір айының соңы мен мамыр айының басына жоспарланған. Бірақ ол уақытқа дейін алдымен біз ҚОӘБ (қоршаған ортаға әсерді бағалау) және басқа да міндетті сараптамалық қорытындыларды алуымыз қажет.

- Сіз өзіңіз үшін жобаның қандай негізгі тәуекелдерін айта аласыз?

– Тәуекелдерге су ресурстарының жеткіліктілігі жатады, өйткені тау-шаңғы курорты суды тұтынудың үлкен көлемін қажет етеді. Қазір жер үсті және жер асты су ресурстарының жеткіліктілігін және рұқсат етілген мөлшерін анықтайтын гидрологиялық зерттеулер жүргізілуде. Біз бұл сұрақты назарда ұстап отырмыз. Бұдан басқа, тәуекелдердің қатарында пандемия немесе болжау мүмкін емес жаһандық дағдарыстар сияқты форс-мажорлық жағдайлар бар. Мұндай жағдайлар болмайды деп үміттенейік.

- Соңғы сұрақ. Сіз өзіңіз үшін жобаның сәтті жүзеге асуы не деп санайсыз?

– Almaty Superski қазақстандықтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттарымыз, кішкентай балалары бар отбасылар мен жас шаңғышылардың күн сайын асығатын орнына айналуын армандаймын. Жаңа курорт тұмса табыиғаты, таза ауасымен, еркіндік сезімін беретін шыңдарымыз әлемнің түкпір-түкпірінен келетін шетелдік туристер үшін тартымды аумағына айналатынына сенімдімін.

KTD Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың Digital Business сайтына берген сұхбаты

2026 жылғы 18 наурыз

Жарияланған мақала

18 наурыз 2026

Көбірек мақалалар

Kazakh Tourism Development

Тұрақты туризмді дамыту және Қазақстанның табиғатының көркемдігін әлемге таныту.

Байланыс

Астана, Қазақстан

info@ktdev.kz

Для СМИpr@ktdev.kz

© 2026 Барлық құқықтар қорғалған.